Бүгін, 2025 жылғы 11 тамызда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үлкен кентінде салынатын атом электр станциясына (АЭС) атау беру бойынша байқау жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары және жүлдегерлері атанған оқушылармен кездесу барысында айтты.

Президенттің пікірінше, елімізге ғалымдар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер мен басқа да жоғары білікті мамандар қажет.

"Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы мамандар айрықша сұранысқа ие болады. Инновация мен жоғары технологиялар негізінде еліміздің алдағы даму кезеңдерінің берік іргетасын қалап жатырмыз." Мемлекет басшысы

Одан әрі ол "Росатом" компаниясымен бірлесе жүзеге асырылатын алғашқы атом электр станциясының құрылысы стратегиялық маңызға ие екенін айтты.

"Росатом" компаниясымен бірге салынатын алғашқы атом электр стансасы стратегиялық маңызға ие. Бірер күн бұрын оның құрылысы ресми түрде басталды. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Әзірге оның атауы жоқ. Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде Сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз, – деді Президент.

8 тамыз күні Үлкен кентінде, Балқаш көлі жағасында, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысының ресми басталуына арналған салтанатты шара өтті.

АЭС салу мәселесіне қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу бастамасын Президент Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ұсынған болатын.

АЭС құрылысы бойынша референдум Қазақстанда 2024 жылғы 6 қазанда өтті.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 5,5 миллионнан астам қазақстандық атом электр станциясының құрылысына қолдау білдірген.

2025 жылғы 25 ақпанда Алматы облысы Жамбыл ауданында алғашқы атом электр станциясының салынатын орны бекітілді.