Қазақстан Президенті Премьер-министр Никол Пашинянды Вашингтонда Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнату туралы декларацияға қол қойылуымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2025 жылы 11 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Тарихи маңызы бар бұл құжатқа Никол Пашинянның саясаткер ретіндегі алғырлығының арқасында қол қойылды. Ол мықты саяси ерік-жігерге ие екенін көрсетіп, өз мемлекетінің ұлттық мүддесі жолында стратегиялық көрегенділік танытты. Декларация Оңтүстік Кавказдағы ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа, сондай-ақ Қазақстан мен Армения арасындағы анағұрлым қарқынды экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа жол ашады", деп келтіреді Ақорда бұл реттегі Мемлекет басшысының сөзін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрінің жыл соңына жоспарланған ресми сапарына Астана әзірлік жұмыстарын бастап кеткенін мәлімдеді. Қазақстан келіссөздерге өз алаңын ұсына отырып, Армения мен Әзербайжан арасындағы саяси диалогқа одан әрі септігін тигізуге ниетті.

"Никол Пашинян жылы лебізі мен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстан тарапына екі мемлекет арасында бейбітшілік орнатуға қатысты келіссөз процесінің кейбір аспектілері жөнінде мәлімет беріп, бұл мәселеде АҚШ Президенті Дональд Трамп айрықша мәмілегерлік рөл атқарғанын атап өтті. Премьер-министр Қазақстанның Армения мен Әзербайжанды татуластыруға қосқан үлесін оң бағалады. Сонымен қатар ол өзара ынтымақтастықты жандандыратын жаңа келісімдерге қол қою үшін Қазақстанға биыл арнайы сапармен келуге дайын екенін растады", делінген хабарламада.

Айта кетсек, елдер арасындағы бейбіт қатынастар туралы декларацияға Армения мен Әзербайжан басшылары 2025 жылдың 8 тамызында, жұмада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен қол қойды. Бұған дейін Америка президенті екі мемлекеттің көпжылдық қақтығысына нүкте қоюы керектігін айтқан болатын.

10 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Ол Ильхам Әлиевті АҚШ президенті Дональд Трамптың белсенді және тиімді көмегімен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу туралы тарихи декларацияға қол қоюымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.