Шілдеде қазақстандықтар тұрғын үй алып-сату бойынша 39 742 мәміле жасаған. Бұл маусыммен салыстырғанда 19,4 пайызға көп, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Бюро мәліметіне қарағанда, шілдеде тіркелген тұрғын үйді алып-сату бойынша 39 742 мәміленің 8 465-і жеке үйлер, ал 31 277-і көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша жасалды. Маусыммен салыстырғанда (33 273) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 19,4 пайызға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (8 636 – 21,7 пайыз) және Алматы (8 432 – 21,2 пайыз) қалалары сонымен қатар Қарағанды облысы (2 756 – 6,9 пайыз) көш бастап тұр. Ұлытау облысында небары 247 мәміле тіркелген.
Маусыммен салыстырғанда шілдеде мәмілелер саны Қызылорда (+70,6 пайыз) облысында және Астана (+42,2 пайыз), Алматы (+27,2 пайыз) қалаларында көбірек. Ал бір айда Ұлытау (-12,4 пайыз), Атырау (-10,9 пайыз) және Алматы (-5 пайыз) облыстарында тұрғын үй алып-сату азайған.
2025 жылғы маусыммен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі мәмілелер саны 23 пайызға (5 848 мәмілеге) көбейген. 2025 жылдың шілде айында пәтерлер бойынша барлығы 31 277 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,7 пайызы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (27,2 пайыз), Алматы (24,8 пайы ) қалаларына және Қарағанды облысына (7,4 пайыз) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, 2025 жылдың шілде айында олар бойынша 12 489 мәміле ресімделген.
Шілдеде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 7,9 пайызға (621 мәмілеге) өсті. Шілдеде барлығы 8 465 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны Алматы (+27,7 пайыз) қаласында, Қызылорда (+26,9 пайыз) және Маңғыстау (+18,1 пайыз) облыстарында ең көп өсім байқалды. Ал бір айдағы ең төмен көрсеткіш тек Жамбыл (-2,8 пайыз) облысында тіркелді.
Шілдеде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 0,9 пайызға азайған, ол кезде 40 099 мәміле ресімделген. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Қызылорда (30 пайыз) облысында байқалды, ең төмен көрсеткіш – Ұлытау облысында (-46 пайыз). 2025 жылдың қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-шілде айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3,4 пайызға өскені байқалады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз