12 тамызда түнде Алматыда Сейфуллин мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Белгілі болғандай Mercedes-Benz G-Wagon және Hyundai Sonata көліктері соқтығысқан, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға орнында болған Zakon.kz тілшісінің мәліметінше, екі көлік те Сейфуллин даңғылы бойымен қозғалған. Mercedes көлігі солтүстік бағытқа, ал Hyundai оған қарама-қарсы – оңтүстікке қарай жүрген.
G-Wagon жүргізушісі Сәтбаев көшесіне солға бұрылмақ болған сәтте, Hyundai көлігі жоғары жылдамдықпен келіп, оның артқы дөңгелек тұсына соғылған.
Соққының қатты болғаны соншалық – G-Wagon шайқалып, кейін бірнеше рет айналып, бір жағына аударылып қалған.
Hyundai көлігін де соқтығысқаннан кейін жолдан тайдырып жіберген.
Жол апатының салдарынан G-Wagon жүргізушісі мен Hyundai жолаушысы зардап шекті. Олар бірден ауруханаға жеткізілді.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері оқиғаның нақты мән-жайын бейнебақылау камералары арқылы анықтайтын болады.
Бұған дейін Форт-Шевченкода жасөспірімнің жүк көлігін ұрлап әкетіп, 14 жасар қызды қағып кеткендігін жазғанбыз.