Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы 12 тамызда Үкімет отырысында жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Үкімет басшысы қыркүйек айында 83 жаңа мектептің ашылатынын, соның ішінде 57 мектептің "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілетінін айтты. Бұл шамамен 115 мың жаңа оқушы орнын қамтиды.

"Маңызды міндет – олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз ету. Үш ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Елдің 9 өңіріндегі 15 нысанды аяқтау бойынша ұлттық жоба аясындағы жұмысты жеделдету қажет. "Самұрық-Қазына" қорына әкімдіктермен бірлесіп аталған нысандарды жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беруді тапсырамын. 1 қыркүйекке дейін елдегі мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет", – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, кейбір өңірлерде 34 мектеп бойынша жұмыстардың баяу жүріп жатқаны байқалады.

"Бұл – Алматы қаласы, Абай және Ұлытау облыстары, Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары. Аталған өңірлердің әкімдеріне жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасын жеке бақылауға алуды тапсырамын. Сонымен қатар, физика, химия, биология, робототехника пәндері бойынша мамандандырылған кабинеттерді уақтылы сатып алу мәселесі де өзекті. Қыркүйек айына дейін кемінде 200 пәндік кабинет жабдықталуы тиіс", – деп толықтырды Премьер-министр.

Ол білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды екенін айтты.

"Мемлекет басшысының бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Білім беру мекемелерінде міндетті түрде лицензияланған күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар болуы қажет. Бұл шаралар балаларымыздың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ішкі істер министрлігі білім беру нысандарын террористік қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрғысынан тексеруді жалғастыруы тиіс. Бүгінде өңірлерде жекеменшік білім беру ұйымдарының шамамен 30%-ы қажетті құрал-жабдықтармен әлі жабдықталмағанына назар аударамын", – деді Бектенов.

Премьер жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж барлық балаларға уақтылы материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуі тиіс екенін айтты.

"Бұл мақсатқа биылғы жылы 23 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл кемінде 500 мың баланы әлеуметтік қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді. Өңір әкімдеріне осы жұмысты бақылауға алуды тапсырамын. Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін барлық оқушыны толық оқулық жиынтығымен қамтамасыз етуі қажет. Балалардың денсаулығын сақтау мен дамуы үшін маңызды бағыт – теңгерімді және сапалы мектеп тамағы. Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдіктері тамақтану стандарттары мен санитарлық нормалардың сақталуын бақылауды күшейтуі керек", – деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлесіп, "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын бір ай ішінде бекітуді тапсырды.

"Бұл тәрбие және оқыту жүйесін қалыптастыру бойынша кешенді және жан-жақты шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Ішкі істер министрлігі оқу жылы басталғаннан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы "Назар аудар, балалар!" жедел-алдын алу іс-шараларын ұйымдастыруы және өткізуі қажет. Өңір әкімдеріне – жаңадан ашылатын мектептер маңында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмысын жандандыруды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне – оқушылармен қауіпсіздік ережелері, соның ішінде жол қауіпсіздігі бойынша алдын алу сабақтарын, интерактивті сабақтарды тұрақты негізде өткізу қажет", – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, ол Оқу-ағарту, Ғылым және Жоғары білім министрліктеріне білім беру бағдарламаларының практикалық бағыттылығын күшейту шараларын қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру нәтижелері үшін жауапкершілігін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет.

Бұған дейін жаңа оқу жылында оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұрғандығын жазған болатынбыз.