2025 жылғы 11 тамыз түнінде Алматыда құтқарушылардың көмегі жануарларға – қойлар мен хомяктарға қажет болды. Олар өрт шыққан ғимараттан құтқарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, сағат 23:23-те "112" пультіне Жетісу ауданындағы Райымбек даңғылында орналасқан нысанда өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. 4 минуттан кейін алғашқы өрт сөндіру бригадалары оқиға орнына жетті.
"Жеке тұрған шаруашылық блоктың шатыры жанып жатты, өрт аумағы 40 м² құрады. Барлау кезінде ішінде жануарлар бар екені анықталды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрт орнынан 19 хомяк пен 10 қой аман-есен құтқарылды", – деп хабарлады ведомство.
Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:05-те толық сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін, 8 тамызда Алматыдағы Зерделі ықшамауданында бес қабатты үйде өрт шығып, 27 адам эвакуацияланған болатын.