Түркістан қаласында «Smart City» тұжырымдамасы аясында жаңа үлгідегі заманауи аялдамалар мен инфрақұрылымдық нысандар іске қосылады. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі цифрлық трансформацияны жеделдету және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынып отыр. Президент өзінің Жолдауында «Цифрлық технологиялар адамдардың өмір сапасын жақсартып , күнделікті тұрмысын жеңілдетуі тиіс. Smart City үлгісі барлық ірі қалада енгізілуі керек» деп атап өткен болатын.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде Түркістанда «Ақылды аялдама» жобасы іске асырылуда. Түркістан облыстық әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан іс ел игілігі үшін қызмет етпек. Қазіргі таңда жобаға жеке кәсіпкер тартылып, аялдама орнатылатын жер теліміне мемлекеттік акт алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттар толық рәсімделіп, сенімгерлік басқару жөніндегі келісімшартқа қол қойылғаннан кейін құрылыс басталады
Жаңа үлгідегі аялдамалар қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз болады. Мұнда тегін Wi-Fi желісі, салқындатқыш жүйе, бейнебақылау камералары, электронды құрылғыларды қуаттау мүмкіндігі, жоғары жылдамдықты оптикалық интернет және тұрақты қуат көзі қарастырылады. Бұл шешімдер қоғамдық көлікті күту процесін әлдеқайда ыңғайлы етіп, тұрғындардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттырады.
Түркістандағы «Smart City» жобасы тек ақылды аялдамалармен шектелмейді. Қала әкімдігімен бірлесіп, көше жарықтандыруды автоматтандыру, жол қозғалысын интеллектуалды басқару жүйесіне қосу, бейнебақылау орталықтарын жаңғырту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, қауіпсіздікті күшейту мақсатында қосымша бейнебақылау камералары орнатылып, деректерді талдау жүйесі енгізіліп жатыр.
Жоба толық іске асқанда қаладағы қоғамдық көліктің қозғалысы онлайн бақыланып, тұрғындар мемлекеттік қызметтерді қашықтан әрі жедел алады, ал қалалық инфрақұрылым энергияны үнемдеп, экологиялық жүктемені азайтады.
Түркістан — тарихи-рухани орталық қана емес, заманауи технологияларды кеңінен қолданатын инновациялық қалаға айналуды мақсат еткен өңір. Жергілікті билік өкілдері «Smart City» жобасы қала келбетін түбегейлі өзгертіп, оның туристік және экономикалық әлеуетін арттыратынын атап өтті.