Павлодар облысында Халықаралық жастар күні және жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы жұмысын бастады.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 120-дан астам белсенді жастар — инженерлер, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары, IT-әзірлеушілер, дәрігерлер, кәсіпкерлер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды. Барлық қатысушылар — 35 жасқа дейін, мақсаты айқын, жаңа сынақтарға дайын және кәсіби өсуге бағытталған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев делегаттарға құттықтау сөз сөйлеп, жастар қоғамның қозғаушы күші және елді жаңғыртудың басты қозғалтқышы екенін атап өтті. Форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының бейне құттықтауы LED-экран арқылы көрсетілді.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысты.

«Бүгін мұнда мықты, бәсекеге қабілетті және технологиялық жағынан дамыған Қазақстанды қалыптастыратын жастар жиналып отыр. Біздің елімізде халықтың үштен бірі жастар, азаматтардың орташа жасы 32 жасты құрайды және бұл үлес өсуде. Сондықтан жұмысшы мамандықтар жылын жариялау олардың беделін арттыру және техникалық мамандықтарды жастар арасында танымал ету үшін маңызды қадам болды»,

- деп атап өтті вице-премьер.

Ол Үкіметтің жас қазақстандықтарды қолдау бойынша кешенді шаралар іске асырып жатқанын хабарлады:

- студенттік шәкіртақылар екі есеге ұлғайтылды (жұмыс біліктілігі бойынша — 43 574 тг., орта буын бойынша — 41 896 тг.);

- 4,5 мың орындық 17 жатақхана салынуда (колледж студенттерінің 85%-ы тұрғын үймен қамтамасыз етілген);

- шетелдік колледждер мен университеттердің филиалдары ашылды;

- «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары іске асырылуда;

- жұмысшы мамандарға арналған жеңілдетілген «Наурыз», «Отау» тұрғын үй бағдарламалары және «Наурыз жұмыскер» жаңа жобасы жұмыс істейді;

- «Болашақ» стипендиясына қайта бағдарлау жүргізілді — гранттардың кемінде 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінеді.