Таиландтың Бангкок қаласында бокстан жастар арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті. 22 жасқа дейінгі бокс­шылар арасында 5 боксшымыз финалға шығып, 3 алтын, 2 күміс медаль олжалады.

Түбіт мұрты тебіндеген жас­тарды құрлық біріншілігіне білікті маман, Бейжің Олим­пиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бастап барған еді. Шәкірттерін отты сөзімен жігерлендірген бапкер Азия чемпионатына қатысты пікірін айтты. «Құрлық додасына әзірлік жоспарға сай өтті. Жігіттердің қалай жұдырықтасқанын көрдіңіздер. Финалға дейін жетіп, жекпе-жекте барын салған, жалпы Бангкок рингінде өнер көрсеткен боксшылардың еңбегін жоғары бағалаймын. Бес боксшының үшеуіне алтын медаль бұйырды, күміс жүлдегер атанған шәкірттеріме де разымын. Бұлардың келешегі алда. Бұған тоқмейілсуге болмайды, алдағы күндері қателікті қайта сүзгіден өткізіп, кем-кетікті бүтіндейміз. Бабы кем соққан боксшыларды шыңдай түсеміз. Жігіттердің барлығы да техникалық, тактикалық тұрғыдан да қателік жіберген жоқ», деді Б.Сәрсекбаев.

Бақыт Сәрсекбаев баптаған жігіттердің арасынан 60 кг салмақта Нұрислам Қалдыбаев финалда өзбекстандық Шохрух Абдумаликовты 3:2 есебімен еңсерді. 80 кг салмақта Санжарәлі Бегалиев те алтын жүлде үшін өткен тартысты жекпе-жекте өзбек Рахматулло Бойматовтан басым түсті. 90 кг салмақта Темірлан Мұқатаев Шахзод Полвоновты ұтты. 65 кг салмақ дәрежесінде Илья Калинин мен 70 кг салмақта Нұрбек Мұрсал күміс медальды місе тұтты.

22 жасқа дейінгі қыздар додасы да бәсекеге толы болды. 4 қызымыз финалға шығып, 48 кг салмақта Гүлназ Бөрібаева чемпион атағына қоса турнирдің үздік боксшысы марапатын да алды. 70 кг салмақта барлық қарсыласын айқын жеңген Бақыт Сейдіш те алтынмен апталды. Шұғыла Нәлібай (70 кг) мен Әсел Тоқтасын (+80 кг) күміс жүлде еншіледі.

Ал Жангелді Ахметов баптап қосқан 19 жасқа дейінгі бұрымды боксшылар 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен оралды. 80 кг салмақта Құралай Егінбайқызы құрлық чемпионы атанды. Аяжан Ермек (57 кг) – күміс, Айым Тәнкиева (51 кг), Жанель Имантаева (54 кг), Алина Құдайгенова (60 кг), Ақбота Есімбекова (65 кг), Сабина Жақсылық (+80 кг) қола жүлдегер атанды.

19 жасқа дейінгі ерлер құрамасын Мақсат Бақтыбазаров баптап қосып, шәкірттері 1 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдені олжалады. 90 кг салмақта Расул Ассанханов алтын алса, Әділет Тортубек (60 кг), Бибарыс Әшірбай (70 кг), Тимур Тайбеков (80 кг), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 кг) финалда сүрініп, күмісті місе тұтты, ал жартылай финалға жеткен Нұрсұлтан Шілдебай (75 кг) қола медаль иеленді.