Денсаулық сақтау министрі 2025 жылғы 4 тамыздағы бұйрығымен Қазақстан Республикасында анестезиология және реаниматология көмегін көрсету стандартын ұйымдастыруға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ережеге мынадай ұғым қосылды:
- бала (балалар) – он сегіз жасқа толмаған (кәмелеттік жасқа жетпеген) тұлға.
Түзетулерге сәйкес, операция-анестезиологиялық қауіп-қатерді анықтау, анестезия (ауырсынуды басу) түрін (тәсілін) таңдау және операцияға дейінгі дайындық жүргізу үшін пациентті жоспарлы операция алдында ересектерде – 24-48 сағаттан кешіктірмей, балаларда – жоспарланған операцияға дейін 12-24 сағат бұрын анестезиолог-реаниматолог дәрігер тексереді.
Сондай-ақ, амбулаториялық немесе стационарды алмастыратын жағдайларда анестезиологиялық көмекті анестезиолог-реаниматолог немесе кемінде 3 дәрігерден тұратын анестезиологтар-реаниматологтар тобы көрсетеді. Бұл көмекке ересектерді жоспарлы операция алдында 24-48 сағаттан кешіктірмей, балаларды – 12-24 сағат бұрын тексеру, сондай-ақ анестезия алдында пациентті қайталап тексеру кіреді.
Стандартқа қосымша енгізіліп, амбулаториялық жағдайда балаларға анестезиологиялық көмекті еңбек өтілі кемінде 7 жыл болатын балалар анестезиолог-реаниматологы көрсететіні бекітілді.
Амбулаториялық және (немесе) стационарды алмастыратын жағдайларда мынадай жағдайларда анестезиологиялық көмек көрсетілмейді:
- ұзартылған өкпе желдету қажет болғанда;
- пациентті реанимация бөлімінде бақылау қажет болғанда;
- операциядан кейін ұзақ бақылау (6 сағаттан астам) қажет болғанда;
- балаларда анестезиологиялық көмектің ұзақтығы 6 сағаттан асқанда.
Амбулаториялық жағдайда анестезия міндетті түрде капнографиясы бар наркоз-тыныс алу аппараты және қан газын талдағыш бар жұмыс орнында жүргізіледі.
Сондай-ақ, стационар жағдайында анестезиологиялық және реаниматологиялық көмекті анестезиологтар-реаниматологтар көрсетеді. Оған ересектерді жоспарлы операция алдында 24-48 сағаттан кешіктірмей, балаларды – 12-24 сағат бұрын тексеру, ал шұғыл операция жағдайында – операция өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін тексеру кіреді.
Стандартқа мынадай жаңа тармақ қосылды:
Пациент анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде (АРҚТ) жатқан кезде негізгі ауруы бойынша профильдік бөлімшеде есепте тұрады.
Кезеңдік эпикриздер, клиникалық диагнозды негіздеу, қайтыс болғаннан кейінгі эпикризді жазу профильдік бөлімшенің емдеуші дәрігерімен жүргізіледі.
Профильдік бөлімше меңгерушісі және (немесе) профиль бойынша емдеуші дәрігер (демалыс және мереке күндері, түнгі уақытта – профиль бойынша кезекші дәрігер) пациент АРҚТ-да жатқан бүкіл кезең бойында күн сайын тексеру жүргізеді, пациенттің медициналық картасын толтырады, өз құзыреті шегінде емдеу-диагностикалық шараларды орындайды.
Бұйрық 2025 жылғы 23 тамызда күшіне енеді.