Түркістан қаласында түтінсіз темекі өнімдерін заңсыз өндіру және өткізу фактісі бойынша Омашев Р. мен Ташпулатов Е.-ге қатысты сот үкімі шығарылды. Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 13 тамызда ҚР ҚМА мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Таратылған ақпаратқа сүйенсек, аталған іс Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаментімен жүргізілді.
"Арнайы операция барысында жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын және күнделікті 30-дан астам жұмысшы жұмылдырылған жасырын өндірістік цех жойылды",- делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, шикізатты дайындаудан бастап логистиканы ұйымдастыруға және Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі көтерме жеткізушілер арқылы сату арналарына дейінгі қылмыстық әрекеттің толық схемасы анықталды.
Заңсыз айналымнан тыйым салынған 635 қорап дайын өнім мен азаматтардың денсаулығына зиян 57 канистр хош иістендіргіштер мен уытты қоспалар тәркіленді.
"Сот санкциясымен өндірістік жабдықтар мен қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.Сот заңсыз бизнестің ұйымдастырушыларын кінәлі деп танып, оларға айыппұл жазасын тағайындады. Автокөлік пен жабдықтар мемлекет кірісіне тәркіленді",- деп мәлімдеді ведомство.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.