Қазақстан Республикасы Президентінің өкіміне сәйкес 1999 жылғы 8 қарашадағы №90 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсыну және оларды тапсыру тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына арналған құжаттардың үлгілерін және мемлекеттік наградалар белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы» өкімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді .

Өзгерістер наградтауға кандидаттарды қарау кезінде ашықтықты, объективтілікті және әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Нұсқаулықтың жаңа редакциясында құжаттарды ресімдеу және кандидаттардың еңбегін бағалау критерийлеріне қатысты негізгі ережелер нақтыланды.

Атап айтқанда, наградтау қағазын ресімдеуге қойылатын талаптар толықтырылды. Онда міндетті түрде еңбек жолы, ел мен халық алдындағы нақты еңбектері, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер олардың жасалған уақытына қарамастан көрсетілетін болады. Жекелеген жағдайларда ішкі істер органдарынан мінездеме талап етіледі.

Көпбалалы аналарды наградтауға қойылатын талаптар ретке келтірілді. Наградтау тек Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын көпбалалы аналарға беріледі. Наградтау қағазын ресімдеу кезінде көпбалалы ананың өзге мемлекет азаматы болып табылатын балалары паспорттарының куәландырылған көшірмелері және фотосуреттері қоса берілуі керек.

Айта кету керек, нұсқаулыққа сәйкес мемлекеттік наградалардың көшірмелерін (дубликаттарын) дайындау кезінде қымбат бағалы металдар қолданылмайды.

Мемлекеттік наградаларға құқықты қалпына келтіру мүмкіндігі уәкілетті органдардың өтініші бойынша, сот актілерін қоса алғанда, растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда қамтамасыз етіледі.

Қабылданған өзгерістер наградтауға ұсыну рәсімін ретке келтіруге және мемлекеттік наградалар институтына деген сенімді арттыруға бағытталған.