Қызылордада "Даму бала" платформасы арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлерден 88 млн теңгеден астам қаражатты жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы бүгін, 2024 жылғы 14 тамызда Қызылорда облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті таратқан мәліметтен белгілі болды.
Тергеу барысында анықталғандай, мониторингтік топ құрамында болған қатысушылардың бірі, өзінің қызмет бабын пайдаланып, сыбайласымен бірге кәсіпкерлерге тексеріс нәтижелерін "оң шешіп береміз" деген желеумен ақша бопсалаған.
"Нәтижесінде олар 88 млн теңгеден астам қаражатты алған, оның бір бөлігі коттедж және автокөлік сатып алуға жұмсалған",- делінген ақпаратта.
Ведомство соттың санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынғанын атап өтті.
Сот үкімімен басты айыпталушы кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды. Оның сыбайласы 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.