ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға маңызды ақпаратпен жүгінді. Ведомство ел азаматтарын жыл сайынға жоспарлы скрингтен өтуге шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкоскринингтер барлығына қолжетімді.
Зерттеп-қараулар жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі, жатыр мойны мен ішектің обырын, В және С вирустық гепатиттерін, цереброваскулярлық бұзылуларды және басқа да қауіпті патологияларды ерте анықтауға бағытталған.
Жас санаттары мен жиілігін дәрігер медициналық стандарттарға сәйкес анықтайды.
Сіз өзіңіздің емханаңызда скринингтен өте аласыз – жеке куәлігіңіз болуы жеткілікті. Тіркелу, call-орталық немесе Дамумед мобилдік қосымшасы арқылы жазылуға болады.
Көбінесе учаскелік дәрігерлер немесе мейіргерлер жас және басқа өлшемшарттар бойынша тізімдер жасай отырып, бекітілген халықты өздері шақырады.
Скринингтен кім және қашан өтеді?
- жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: артериялық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- эндокриндік аурулар: қант диабеті – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- көру ағзаларының аурулары: глаукома – 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- онкологиялық аурулар: сүт безі обыры – 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер; жатыр мойны обыры-30 мен 74 жас аралығындағы әйелдер; колоректалдық обыр – 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- вирустық инфекциялар: В және С вирустық гепатиті – медицина қызметкерлері; жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін пациенттер; гемодиализ, гематология, онкология, трансплантаттау, жүрек-қан тамырлары және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері; ағзаларды, тіндерді, жасушаларды гемотрансфузия және трансплантаттау жүргізілетін адамдар; жүкті әйелдер
- цереброваскулярлық бұзылулар – 50 жастан 76 жасқа дейінгі ер адамдар
"Азаматтарды тексеру тіпті ешқандай белгілер болмаған жағдайда да – тек олардың денсаулығына сенімді болу үшін қажет",- делінген ақпаратта.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүкті әйелдерге үндеу жасағанын жазғанбыз.