Астанада «экологиялық» көлік мінетіндер саны артып келеді. Оны танымал ету үшін қалада тиісті инфрақұрылым белсенді түрде дамуда . Бүгінде веложолдардың ұзындығы 152 шақырымнан асты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада экологиялық көлік қарқынды дамып келеді. Қалада 1 500 бірлік электркөлік, 90 электрқұю станциясы бар.

Сондай-ақ, велоинфрақұрылымды салу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда веложолдардың ұзындығы 152,75 шақырымды құрайды.

Еске салайық, 2018 жылы Есіл ауданында ұзындығы 34 шақырым болатын «Велосипед көлігін дамыту» жобасының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл учаске Орталық саябақ пен «Жасыл белдеу» веложолын жалғады. «Жасыл белдеу» аумағында ұзындығы 23 шақырым болатын жол торабы салынды.

2020 жылы ұзындығы 89 шақырым болатын велосипед көлігінің екінші кезеңдік инфрақұрылым жобасы әзірленді. 2021 жылы Мүсірепов, Абылай хан, Құдайбердіұлы, Қошқарбаев көшелері мен Мәңгілік Ел даңғылы бойында 7,5 шақырым веложол салынды.

2024 жылы Мәңгілік Ел даңғылын қайта жөндеу жұмысы аясында ұзындығы 3 шақырымдық (бірінші кезең) веложол төселді. Ал Қабанбай батыр даңғылы бойында Сығанақ көшесінен ипподромға дейін ұзындығы 6 шақырымнан асатын веложол салынды.

Биыл Сығанақ көшесінде (Қабанбай батырдан Тәуелсіздікке дейін) ұзындығы 0,4 шақырым веложол, Мәңгілік Ел даңғылының екінші кезеңдік қайта жөндеуінде (Ұлы Даладан Қабанбай батырға дейін) ұзындығы 1 шақырым веложол салынды. Құрылыс жалғасып жатыр, оны осы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.