Маңғыстау аудандық соты Ақжігіт ауылындағы оқушы өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

20 жастағы сотталушыға денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеліп соғу бабы бойынша айып тағылды.

"Сотталушы Бейнеу ауданы, Ақжігіт ауылы орталығынан өтетін темір жол астындағы су өткізуге арналған өткелінде 11-сынып оқушыларын жинаған. Ж. болмашы нәрсені себеп қылып, оларды "тәрбиелеу мақсатында" бір қатарға тұрғызып, кәмелетке толмаған жәбірленуші Қ-мен С-ның кеуде тұсына соққылар жасаған. С. Ақжігіт ауылдық медициналық бекетіне жеткізіліп, алған соққы салдарынан өз-өзіне келместен, қайтыс болған", деп хабарлайды Маңғыстау аудандық сотының баспасөз қызметі.

Ж.-ның кінәсі оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, жәбірленуші және оның өкілінің жауабымен, куәлардың жауабымен, сотталушының жауап алу хаттамасымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен, сарапшының жауап алу хаттамасымен және қылмыстық істің өзге де іс-құжаттарымен дәлелденді.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

Сот үкімімен Ж. жасаған әрекеттері үшін кінәлі деп танылып, ҚК-тің 58-бабы пайдаланып, түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.