Шерзат Болаттың үйіндегі өрт фактісі бойынша тергеу жұмыстары тоқтатылды. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат агенттігі.

Алматы облысының прокуратурасы агенттікке берген жауабында тергеу жұмыстарына қатысты тың деректерді бөлісті.

"Қаржаубай Нұрымовтың үйінде болған өрт фактісі бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері ҚПК-нің 45-бабы 7-бөлігінің 5-тармағына сәйкес (құқықтық көмек көрсетуге байланысты іс жүргізу әрекеттерін орындауға байланысты) тоқтатылды", — делінген прокуратураның жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін 17 маусымда Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылғаны хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, Шерзат Болаттың үйі өткен жылдың 12 қазанында өртеніп кеткен еді. Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғаған болатын.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз