13 тамызда Алматы қаласында өткен тамыз айындағы ҰБТ-ға ерекше қатысушы 85 жастағы Нұрихан апа келді , деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұлттық тестілеу орталығы таратқан мәліметке сүйенсек, ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ана, жастық шағында қол жетпеген арманына – жоғары білімге – енді қол созуда. Биыл Нұрихан апа көптен бергі арманын орындап, университетке түсу үшін ҰБТ тапсырып көруді ұйғарған. Жақындарының қолдауымен ҰБТ-ға тіркеліп, көптен күткен сәтіне жетті.
Тестілеу күні балалары демеуші болып жанынан табылды. Емтихан басталар алдында Нұрихан апа талапкерлерге ақ батасын беріп, "Оқу мен білімге ұмтылу – ешқашан кеш емес" екенін жүрекжарды тілегімен жеткізді.
"Бұл жолы компьютермен жұмыс істеу дағдысының жоқтығы тест тапсыруға кедергі болды. Дегенмен, Нұрихан апа компьютерді үйреніп, келесі жылы қайта келуге ниетті екенін айтты",- делінген ақпаратта.
Ұлттық тестілеу орталығы Нұрихан апаға мықты денсаулық, табыс және жігер тіледі.
Бұған дейін Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-дың бұрынғы басшыларына қатысты сот үкімі шыққандығын жазған болатынбыз.