Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Вэньчжоу қаласының мэрі Чжан Вэньцземен кездесіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, ынтымақтастық орнатуға шақырды. Оның айтуынша, өңірде 20 индустриялық аймақ және 4 мың гектар аумақтағы «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер телімдері мен өндірістік алаңдар ұсынылады.
Келіссөздер нәтижесінде Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Вэньчжоу қаласының Сауда басқармасы арасында «Қазақстан–Қытай (Вэньчжоу) Индустриялық аймағы» жобасын іске асыруды қолдауға бағытталған меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында Түркістан облысы делегациясы «ақылды» электрмен жабдықтау, жасыл энергетика, төмен көміртекті технологиялар, электротехника, тоқыма өндірісі және логистика салаларында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындарды аралады. Джинсы маталарын өндіретін қытайлық компания «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында зауыт салуды жоспарлап отыр.
Вэньчжоу ежелден Ұлы Жібек жолының теңіз бағытына жақын орналасқан маңызды портты орталық ретінде белгілі. Бүгінде қала Қытайдағы аяқ киім, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің жетекші орталықтарының бірі саналады.
Бұл сапар екі өңір арасындағы экономикалық ынтымақтастықты күшейтіп, Түркістан облысына жаңа инвестиция тартуға жол ашпақ.
qazaquni.kz