Қарағанды қаласында патрульдік полиция полкі қызметкерлері автокөлік ұрлығына күдіктіні жедел ұстап, құқық бұзушылықтың алдын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ІІМ таратқан ақпаратқа сүйенсек, 15 тамыз күні таңертең "102" арнасына Н. Әбдіров көшесіндегі үй ауласынан Toyota Carina автокөлігінің ұрланғаны туралы хабар түсті. Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында ақпарат дереу қаладағы барлық патрульдік экипаждарға жеткізілді.

Көп ұзамай іздестіріліп жатқан көлік Ерубаев көшесіндегі жанармай құю бекетінен байқалды. Полицейлерді көрген жүргізуші оқиға орынынан қашқан. Полиция қызметкерлері сол маңға жақын жерде жүрген қосымша нарядтарды жұмылдырып, қосымша күш пен кәсіби іс-қимылдардың арқасында көлік бөгеліп, күдікті ұсталды.

Көліктің басқаруында 26 жастағы қала тұрғыны екені анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Көлік құралын ұрлау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Бұған дейін Астанада заңсыз айналым жүргізген ірі көтерме желінің қызметі тоқтағаны хабарланған болатын.