Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысына қатысып сөз сөйледі. Президент педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейгенін атап өтті.

"Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Былтыр 1800-ге жуық "Алтын белгі" иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық "Алтын белгі" иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады. Мұғалімнің білігін, мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру үшін басқа да көптеген шаралар атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Биыл оқушыларымыз әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль алды", – деді мемлекет басшысы.

Президент ел оқушыларының халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленгенін олардың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екеніне де тоқталды.

"Мен жақында осындай бір топ оқушыны Ақордаға арнайы шақырып, марапаттадым. Олар қазақтың зияткер ұлт екенін бүкіл әлемге танытып жүр. Жалпы, нақты жетістіктер аз емес. Бірақ, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, алда атқарылатын шаруа одан да көп. Осы орайда, бүгін оқу-ағарту саласына қатысты бірқатар ойымды ортаға салғым келеді", – деді президент.