Шымкент қаласында өтіп жатқан футбол орталықтары мен академияларының 2011 жылы туған балалар арасындағы чемпионатта "Тұран" және "Екібастұз" командаларының ойыны кезінде жаппай төбелес болды. Бұл оқиғаға қатысты Қазақстан футбол федерациясы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан футбол федерациясы мұндай әрекет спорт құндылықтарына және футбол қағидаттарына мүлдем сай келмейтінін мәлімдеді.
"Футбол – құрметке, әділ бәсекеге және Fair Play қағидаттарына негізделген ойын. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер көрсеткен кез келген агрессия мен зорлық-зомбылық әрекеттері спорттық этиканы, адами құндылықтарды өрескел бұзу деп саналады.
Төрешілердің хаттамалары мен бейнежазбалар ҚФФ-ның Бақылау-тәртіптік және этикалық комитетіне тапсырылды. Осыған байланысты отырыс алдағы аптада өтеді.
Барлық кінәлі адамды футболдан өмір бойына шеттетуге дейін қатаң жаза қолданылады.
ҚФФ мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін қатаң ескертеді. Әркім алаңда, оның сыртында регламентті, тәртіп ережелерін және этикалық нормаларды сақтауға тиіс.
Қазақстандағы футболда өрескел әрекеттер болмауы керек. Біз соны табанды түрде қамтамасыз етеміз", — делінген ҚФФ хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз