АҚШ президенті Дональд Трамп 22 тамызда Ресей мен Украина өкілдерімен үшжақты кездесу өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы республикашыл саясаткер Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден кейін Еуропа лидерлерімен өткен сөйлесуде мәлімдеді, деп жазды Axios порталы. Әңгімеге Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер (Британия қазір ЕО құрамына кірмейді) және НАТО бас хатшысы Марк Рютте қатысқан. Кейін бұл ақпаратты CNN де растады.

Алайда Трамп Путин және Зеленскиймен келіссөздерді тек дүйсенбі күні Украина президентімен өтетін кездесу сәтті өткен жағдайда ғана бастайтынын айтты. Еуропалық шенеуніктердің айтуынша, келіссөздерге кемінде бір ЕО басшысы қатысуы мүмкін.

Еске салайық, 15 тамызда Аляскада Путин мен Трамптың келіссөздері өтті. Бұл олардың алты жылдан бергі алғашқы бетпе-бет кездесуі болды. Анкоридждегі келіссөздерді мемлекет басшылары пайдалы әрі нәтижелі деп бағалағанымен, нақты келісімдерге келген жоқ.