Қазақстанда жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарының бәрі жоспардан тыс тексеріледі. Бұл туралы Көлік министрлігі Telegram желісіндегі арнасында мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы 2025 жылғы 22 маусым мен 17 тамызда болған авиациялық оқиғаларға тікелей қатысы бар әуе кемелері пайдаланушыларының жұмысын тоқтатты.

"Ұшу қауіпсіздігін арттыру мақсатында Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында жалпы мақсаттағы авиация эксплуатанттарының 49 әуе кемесі жоспардан тыс тексеріледі.

Сондай-ақ жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын бағалайтын ұйымдардың қызметі де тексеріледі", — дейді министрлік өкілдері.

Айта кетейік, 17 тамызда Ақмола облысында жеңілмоторлы жеке ұшақ апатқа ұшырады. Апат салдарынан екі адам, ұшқыш пен жолаушы қаза тапқанын хабарлағанбыз.

Қазіргі уақытта апаттың себебі анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2024 жылы тамызда жоспардан тыс тексерулер барысында бірнеше әуекомпаниясы мен ұшқышқа айыппұл салынды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз