Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті бүгін, 19 тамызда қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілердің бір бөлігіне қатысты маңызды ақпарат таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Комитеттің Telegram-арнасындағы мәліметінше, 2025 жылғы 18 тамыздан 19 тамызға қараған түні салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесінде уақытша ақау болып, кейбір ҚҚС төлеушілерін тіркеуден шығарып жіберген.

"ҚҚС төлеушілерін қате тіркеуден шығару бойынша деректерді сәйкестендіру жұмыстары салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесінде және Электрондық шот-фактура АЖ жүйелерінде 19 тамыз күні сағат 19:00-ге дейін аяқталады", — деп нақтылады ведомство.

Сонымен қатар комитет түсіндіргендей, қажет болған жағдайда аталған салық төлеушілер 20 тамыздан бастап:

  • қағаз түрінде жазылған шот-фактураны 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде ЭШФ АЖ жүйесіне енгізе алады;
  • қағаз түрінде жазылған тауарға ілеспе жүкқұжатын 3 (үш) жұмыс күні ішінде ЭШФ АЖ-ға тіркей алады.
"Бұл ретте ешқандай айыппұл санкциялары қолданылмайды. Туынған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", — деп қосты комитет салық төлеушілерге арнаған хабарламасында.