Қазақстанның Бас прокуратурасы бүгін, 2025 жылғы 19 тамызда, неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

Қадағалау органының хабарлауынша, "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру және құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Қылмыстық кодексіне 125-1-бап енгізілді. Ол неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.

"Неке – ерікті одақ, ол тек екі жақтың келісімімен ғана жасалады. Күшпен мәжбүрлеу, әсіресе қысым көрсету, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық – бұл адам құқығын өрескел бұзу. Көп елде мұндай әрекет ауыр қылмыс саналады, себебі ол оқшаулауға, зорлық-зомбылыққа, тіпті жәбірленушінің өз-өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін. Кейбір мемлекеттерде мұндай әрекет адам саудасының бір түрі ретінде танылады", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, кейінгі 5 жылда Қазақстанда осы сипаттағы 257 қылмыстық іс тіркелген, оның 95%-ы қысқартылған.

Жаңа нормаларға сәйкес, қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, зорлық немесе өзге де қысым арқылы неке қиюға мәжбүрлеу үшін 2 жылға дейін, ал ауыр зардаптарға әкелген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

Сонымен қатар ҚР ҚК 125-бабына өзгерістер енгізілді. Енді жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда істі тоқтату мүмкіндігі алынып тасталды.

"Әйелді мәжбүрлі некеге тұрғызу мақсатында ұрлау фактілері Қылмыстық кодекстің 125-бабы және жаңа 125-1-бабы бойынша қоса қаралады", — деп түйіндеді Бас прокуратура.