Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі қаралып жатқан сот отырысында тілін шығарған судья Әбінұр Қарабаевтың видеосына қатысты Шымкент сотының баспасөз қызметі өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қастандық жасау фактісі бойынша қылмыстық істі қарау кезіндегі төрағалық етуші судья Әбінұр Қарабаевтың әрекеті Судья әдебі кодексінің талаптарын бұзу бойынша тексеріледі.

Заң талаптарына сәйкес қызметтік тексеру тағайындалады. Оның қорытындысы бойынша материалдар Судья әдебі жөніндегі комиссияның қарауына жіберіледі.

Судья беделіне нұқсан келтіретін құқық бұзушылық фактісін жасағаны расталса, материалдар Жоғарғы Сот Кеңесінің Сот қазысына жіберіледі", — деді NUR.KZ тілшісіне Шымкент сотындағылар.

Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, қандай жағдай болса да судьялар кәсіби судьялық этика нормаларын қатаң сақтауға және халықтың сот жүйесіне деген сенімінің жоғары деңгейін ұстануға міндетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісін қарау кезіндегі судья Әбінұр Қарабаевтың әдеттен тыс қылығын журналист видеоға түсіріп алғанын хабарлағанбыз.

Журналисттің сөзінше, өткен сот отырысында сотқа төрағалық етуші судья Әбінұр Қарабаев күтпеген жерден оған тілін шығарған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз