Абай облысында үш бала көз жұмған жол-көлік оқиғасы бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала деректерге сәйкес, 19 тамызда сағат 16:00 шамасында Абай облысының Үржар ауданы Бестерек ауылында Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үйдің қақпасы жанында тұрған балалар тобына соқтығысқан.
Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала оқиға орнында көз жұмды, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Тағы үшеуі түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
"Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде масаң күйде болмағанын көрсетті. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", — деді Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Базаров.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және әсіресе тұрғын үйлердің маңында, балалар жүретін орындарда барынша мұқият болуға шақырды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Абай облысы Бестерек ауылында қайғылы жағдайға байланысты президенттің тапсырмасымен оқиға орнына бортында дәрігерлер бар Қорғаныс министрлігінің ұшағы жіберілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз