Желіде Атырау тұрғыны 39 жастағы әйелін өлтіріп, кішкентай екі қызы анасыз қалғаны туралы ақпарат тарады. Бұл дерекке қатысты облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ақжайық.

Оқиға туралы Threads қолданушысы mair_saduakhas жазған. Ол қаза тапқан әйелдің өзінің бөлесі екенін айтып, адамдардан бей-жай қалмауды өтінді.

Желі қолданушысы басылым тілшісіне берген мәлімет бойынша, кісі қолынан көз жұмған әйел күйеуімен 14 жыл отасқан. Үлкен қызы күзде 6-сыныпқа, ал кіші қызы 2-сыныпқа барады.

"Олар үшін бүкіл әлем анасы еді. Бірақ соңғы бес жылда оның өмірі тозаққа айналды. Күйеуі жиі ішіп, үнемі әйелін соққыға жығатын. Ол балалары үшін шыдап, тіс жармайтын, шағымданбады. Соңғы үш жыл әйел жұмыс істемей, отбасына, қыздарына арнады. Бүгін таңертең өмірден өтті. Қорған болуға тиіс күйеуі оның өмірін қиды. Екі қыз анасыз қалды. Оларды қазір интернатқа алып кетті", — дейді Майра Садуақасова әпкесін еске алып.

Ол қайғылы оқиға туралы полиция хабарламасынан білген.

Басылымға Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері оқиғаға қатысты түсінік берді.

"Осы дерекке қатысты "Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Кешенді тергеу шаралары басталды", — делінген полиция хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз