Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылындағы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға бүгінгі таңда барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

"Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады.

Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.

Пациенттер жағдайының ауырлығы алынған жарақаттарға байланысты. Балаларда бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған.

Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады.

Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасауда, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды", — делінген хабарламада.

Бұған дейін хабарланғандай, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін бортында нейрохирург, травматолог және реаниматолог сынды мамандар бар Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағы жіберілген болатын.

"Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстауда. Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, еліміздің үздік мамандары тартылған", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз