2025 жылғы 20 тамызда Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Абай облысында үш баланың өмірін қиған ауыр жол апатына байланысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның ақпаратынша, жүргізуші бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Соттың санкциясымен оған екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық істің тергелу барысы ІІМ-нің бақылауында", – делінген мәлімдемеде.

Тергеуді Абай облысының полиция департаменті жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 19 тамызда шамамен 16:00-де Үржар ауданы Бестерек ауылында болған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, 55 жастағы Toyota жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының жанында, жолдан он метр қашықтықта тұрған алты баланы қағып кеткен. Салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмды, біреуі – ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Көмек көрсету үшін Астана қаласынан Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен дәрігерлер облысқа жеткізілді.

Кейіннен белгілі болғандай, қайтыс болған үш баланың жасы – 2 мен 7 жас аралығында. Тағы 6-9 жас аралығындағы үш бала жарақат алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.