Цифрлық даму министрлігі Aitu мессенджерінің енгізілуіне байланысты елімізде шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпараттың таралуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, БАҚ-та таралып жатқан WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Жеке мақсатта шетелдік сервистерді қолдануға еш тыйым салынбайды.
"Aitu мессенджерін енгізу бастамасы тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қызметтік коммуникация үшін ғана ұсынылады.
Ол мемлекеттік қызметкерлер тек жұмыс барысында пайдаланатын ақпаратпен қауіпсіз алмасуды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады. Мақсаты – ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және қорғалған цифрлық ортаға көшу.
Aitu қызметтік хат алмасудың, жұмыс чаттарының, жедел хабарламалардың және мемлекеттік цифрлық платформалармен өзара әрекеттесудің негізгі құралына айналады. Оның басты артықшылығы – барлық сервер Қазақстан аумағында орналасқан, бұл деректерді қорғау талаптарына сәйкес келеді және жүйені мемлекеттік органдар үшін сенімдірек етеді", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз