Үкіметтік жұмыс топтары өңірлердің жылыту маусымына дайындығын тексеруде, деп хабарлайды Zakon.kz.

20 тамызда өңірлік инспекторлар әрі кеңесшілер Ермек Маржықпаев пен Ералы Тоғжанов Абай және Маңғыстау облыстарындағы дайындық барысын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Таратылған ақпаратқа сүйенсек, Семейде Ермек Маржықпаев қалалық жылу көздерінде, оның ішінде "Ғаббасова", "Орталық", АҚ-3 қазандықтарында, сондай-ақ ЖЭО-1, АҚ-1 және 103-103А қазандықтарында жүргізіліп жатқан ағымдағы жұмыстармен танысты.

"Қазіргі таңда қаланың жылу көздері жылыту маусымына орташа есеппен 86% дайын. Осы ретте 12 нысанда жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр",- делінген ақпаратта.

Маңғыстау облысына жұмыс сапарында Ералы Тоғжанов "МАЭК" энергия кешенін жаңғыртуға қатысты жүйелі мәселелерге назар аударды. Кәсіпорында жоспарлы жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес: №2 ЖЭС энергия блогы толықтай жөнделіп бітті, ЖЭО-2-де қазандық агрегаты мен турбинаға, сондай-ақ ЖЭО-1-дегі қазандық қондырғыларына жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айта кету керек, бұған дейін Үкімет резервінен "МАЭК" реконструкциясына қаражат бөлінген.

Бұдан бөлек, Ақтаудағы жылу желілерін жаңарту жобалары да ерекше назарда.

"Қалада кезең-кезеңімен 44 шақырым магистралды және 10 шақырымнан астам шағын аудандардағы ішкі құбырлар ауыстырылып жатыр. Қазіргі таңда желілердің орташа тозу деңгейі 79%, ал жобаны іске асырғаннан кейін бұл көрсеткіш 75%-ға дейін төмендейді. Тұрғын үй қоры мен әлеуметтік нысандар жылыту маусымына 80% дайын". Үкіметтің баспасөз қызметі

Бұған дейін Ұлттық Банк ел азаматтарына жүгініп, маңызды мәліметпен бөліскен болатын.