Ақтөбе облысы бойынша жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім гранты иегерлері анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкімдік мәліметінше, конкурстық комиссияның мүшелері 2025–2026 оқу жылына бакалавриат деңгейінде білім алуға бөлінген 40 грант бойынша талапкерлердің өтініштерін қарап, оның иегерлерін анықтады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, грантқа қабылдау 5 сала, 24 мамандық бойынша жүргізілген. Конкурсқа барлығы 59 өтініш түссе, оның ішінде 58-і – Ақтөбе облысының мектеп және колледж түлектері, біреуі – Атырау облысынан.

"Грант иегерлері 2025 жылғы ҰБТ нәтижелеріне сәйкес анықталды, ал балл тең болған жағдайда оқу үлгерімі мен әлеуметтік жағдай ескерілді. Нәтижесінде "Химия пәні мұғалімі" 3 орынға – 14 өтініш, "Көркем еңбек мұғалімі" 2 орынға — 13 өтініш, "Гидромелиорация" 2 орынға – 10 өтініш, "Ветеринария" 2 орынға – 7 өтініш, "Балық шаруашылығы" 1 орынға – 5 өтініш түскен, бұл мамандықтар бойынша бәсекелестік жоғары болды", — дейді басқарма басшысы.

Ал математика, физика, режиссура, сценография, орындаушылық өнердің бірқатар бағыттары және инженерлік мамандықтарға түсуге ниет білдірген үміткерлер болмаған. Осыған байланысты 16 орын бос қалды. Комиссия мүшелеріне аталған бос гранттарды сұранысы жоғары мамандықтарға қайта бөлу ұсынылды. Бөлініс мынадай болып бекітілді: химия – қосымша 3 орын, гидромелиорация – қосымша 6 орын, ветеринария – қосымша 4 орын, балық шаруашылығы – қосымша 2 орын, автоматтандыру — қосымша 1 орын.

Комиссия шешімімен 2025–2026 оқу жылына жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын грант иегерлерінің тізімі бекітіліп, көпшілікке жарияланды. Сонымен қатар қабылданған студенттердің оқу үлгеріміне тұрақты мониторинг жүргізіліп, бітірушілердің еңбекке орналасуы бақылауға алынбақ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз