Колумбияның Серете қаласындағы отбасы жаңа туған қызына ChatGPT чат-ботының құрметіне Чат Йипити деп ат қойған. Бұл туралы UPI сайтына сілтеме жасаған "ҚазАқпарат" ХАА хабарлайды.

Агенттіктің жазуынша, Кордова департаментіне қарасты кіші Серете қаласындағы колумбиялық отбасы жаңа туған сәбиіне танымал ChatGPT бағдарламасының құрметіне Чат Йипити Бастидас Герра деп ат қойған.

Жергілікті БАҚ ата-ана бұл есімді таңдауын "жаңа технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне құрмет" деп түсіндіргенін хабарлаған. Ұлттық АХАТ органы ерекше атауды еш қарсылықсыз тіркеген.

Алайда ата-ананың бұл шешімі қоғамда қызу пікірталас тудырған. Кей желі қолданушылары таңғалып мұндай есімнің болашақта балаға қиындық тудыруы мүмкін екенін атап өтсе, кейбірі керісінше, ата-ананың шешімін қолдаған.

Колумбия заңы белгілі бір есімдерге тыйым салмаса да, Ұлттық реестр қызметкерлері таңдалған есім қорлау немесе баланың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе, тіркеуден бас тартуға құқылы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз