Қырғызстанда 2025 жылғы 22 тамызда ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорда мәліметіне сүйенсек, салтанатты қарсы алу рәсімі "Ынтымақ Ордо" резиденциясында өтті.
Президенттер бір бірімен амандасқаннан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров сап түзеген сарбаздардың алдынан жүріп өтті.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз залына барды.
Айта кетейік, 21 тамызда Манас халықаралық әуежайына ұшып келген мемлекет басшысын Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың өзі қарсы алған болатын. Мемлекет басшысы 22 тамыздағы ресми сапарын "Ата бейіт" ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден бастағынын жазғанбыз. Артынша, президент Шыңғыс Айтматовтың рухына Құран бағыштады.