Almaty Museum of Arts мұражайында Йинки Шонибаренің мүсіні қойылды. Ол арнайы Алматы үшін жасалған.

Almaty Museum of Arts мұражайының бас кіреберісіне британ-нигериялық суретші Йинка Шонибаренің мүсіні орнатылды. Мүсін пішіні желкенді кемеге ұқсас. Ғасырлар бойы мұндай кемелер Атлант мұхиты арқылы құлдарды тасымалдаған. Йинка Шонибаре "ештеңеден жасалған мүсін" жасауды мақсат етіп, желдің табиғатын қағазға түсіргісі келді. Ол өз шеберханасында мата мен шаш кептіргіш (фен) арқылы эксперимент жасап, ауа ағыны матаға соққанда пайда болатын пішіндерді суретке түсірді. Ауыр алюминийден жасалғанына қарамастан, мүсін жеңіл әрі ауада қалқып тұрғандай әсер қалдырады.

Бұл жұмыс Ankara матасын еске түсіретін ерекше өрнектерімен ел назарын аударады. Ankara матасы батик немесе "голланд балауызы" деп те аталады. Ол Африкамен байланысты болғанымен, тарихы одан да терең. Бастапқыда Индонезияда ойлап табылған бұл матаның технологиясын кейін голландықтар меңгеріп, жаппай өндірісті жолға қойды және оны Азияға қайта сатуды жоспарлады. Алайда ол жерде аса танымал болмай, Батыс Африкада сұранысқа ие болды. 1950–60 жылдардағы тәуелсіздік үшін күрес кезінде Ankara матасы ұлттық бірегейлік пен отаршыларға қарсылықтың символына айналды. Оның тарихы – әртүрлі мәдениеттердің қалай араласып, тоғысқанының айқын мысалы. Шонибаре өз шығармашылығында дәл осы мәдениеттер диалогы идеясын шеберлікпен жеткізеді.

Шонибаренің "Жел мүсіні (ҮҰ) II" туындысы Almaty Museum of Arts-тың бас кіреберісінде келушілерді еркіндік пен мәдени алмасудың символы ретінде қарсы алады.

Йинка Шонибаре — шығармашылығы отаршылдық пен бірегейлік тақырыптарын зерттейтін британ-нигериялық суретші. Ол қазіргі заманның ең танымал суретшілерінің бірі, оның жұмыстары әлемнің жетекші мұражайларында, соның ішінде Чикагодағы Art Institute of Chicago, Лондондағы British Museum, Париждегі Centre Pompidou, Вашингтондағы Hirshhorn Museum, Нью-Йорктегі MoMA, Сан-Францискодағы San Francisco Museum of Modern Art, Лондондағы Tate, Кейптаундағы Zeitz MOCAA және басқа да көптеген мұражайларда қойылған.

Almaty Museum of Arts туралы

Мұражай қорының негізі – Нұрлан Смағұловтың соңғы 30 жыл ішінде жинаған 700-ден астам туындысынан тұратын топтамасы. Оның ішінде Қазақстан мен Орталық Азиядан, сондай-ақ әлемдік жетекші суретшілердің жұмыстары бар. Мұражайдың басты бағыттарының бірі — Қазақстан, Орталық Азия және көршілес аймақтардағы заманауи өнерге баса назар аудара отырып, коллекцияны кеңейту. Түрлі медиа, жанрлар мен көзқарастарға ашық мұражай Орталық Азиядағы заманауи өнердің маңызды орталығына айналады.

Ғимараттың сәулеттік жобасын британдық Chapman Taylor бюросы Buro Happold инженерлік фирмасы және Lord Cultural Resources музейді жоспарлау жөніндегі кеңесшілермен бірлесіп әзірледі. Мұражайдың бейнесі тау ландшафты мен қазіргі заманғы қала арасындағы қарама-қайшылықтардан шабыт алған. Әл-Фараби мен Назарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан мұражай өңірдегі маңызды мәдени алаңға айналмақ. Оның миссиясы — идеялар мен қарым-қатынас үшін ашық кеңістік болу, жетекші халықаралық және қазақстандық суретшілердің шығармашылығын көпшілікке таныстыру, сондай-ақ көрме жобалары, кураторлық бастамалар және баспа қызметі арқылы Орталық Азиядағы заманауи өнерді зерттеу және зерделеу үшін платформаны қолдау.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз