Рафао 23 тамыз күні "Семей" клубына қарсы матчта алаңға шығуы ықтимал.
Алматының "Қайрат" футзал клубы жаңа ойыншымен келісімшарт жасағанын мәлімдеді. Команданың сапын бразилиялық әмбебап ойыншы Рафаэл Алмейда Сантос толықтырды. Жанкүйерлерге ол Рафао есімімен белгілі.
2002 жылдың 9 мамырында дүниеге келген ойыншы Бразилияда және Еуропада өнер көрсеткен. Жасөспірімдер деңгейінде São Bernardo (U-18), Diadema Futsal (U-20), сондай-ақ Santo André (U-20 және негізгі құрамы) командаларының жейдесін киді. Кейіннен ол Joaçaba Futsal мен Латвияның RFS Futsal клубында ойнады. Бұдан бөлек, Бразилияның жастар құрамасы (U-20) сапына шақырылды.
Рафаоның алдыңғы клубы – Латвияның RFS Futsal командасы. Рафао мансабында бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Ол екі дүркін Өңірлік ойындардың чемпионы атанып, Латвия кубогын және Балтық лигасы кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ Бразилия жастар құрамасы сапында екі мәрте CONMEBOL Liga Evolución турнирінде жеңімпаз болған.
Сонымен қатар "Қайрат" жуырда жаңа бас бапкерін таныстырды. Команданы енді 45 жастағы бразилиялық маман Даниэл Жуниор жаттықтырады. Ол бұған дейін туған жерінде "Кампу Моурау" клубын басқарған. Жаңа бапкердің "Қайраттағы" алғашқы ресми матчы 23 тамыз күні Оралда өтеді. Бұл ойында алматылықтар ел кубогының иегері – "Семейге" қарсы алаңға шығады.