Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге де күдіктілерге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Бүгін іс бойынша айыптау актісі жарияланды, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл іс бойынша алты адам: Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхамет Сұлтанбеков және Данияр Асқаровқа айып тағылған, сондай-ақ екі жәбірленуші бар.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 22 тамызда прокурор Ерлан Құланбаев айыптау актісін оқып берді.
Кәсіпкерді қорқытып, ақша талап ету
Хасан Қасымбаевқа келесідей айып тағылған:
"2016 жылы 16 тамызда өзара таныс Қасымбаев, Сыдықжанов және Мұқашев пайдакүнемдік ниетпен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қорқытып алу, яғни күш қолданып, бөтеннің мүлкін талап ету мақсаттарымен өздерінің қылмыстық қол сұғушылық объектісі ретінде Сыдықжановтың танысы Тәжиевтің ақшасын таңдап, оның Алматы облысы төңірегінде жер телімдерін сатумен айналысып жүргенін, сонымен қоса оның құрылыс жұмыстарын істейтін шағын бригадасы бар екенін, жекеменшік дәріханасы бар деп ойлап және Lexus 470, Tоyota Highlander маркілі автокөліктері бар екенін біліп, оған күш қолдану арқылы қорқытып, одан ақша талап етіп, қылмыстық жолмен пайда табуды ойластырған және қылмыстық жоспар құрған.
Қылмыстық жоспарға сәйкес, Мұқашев пен Сыдықжанов Тәжиевті кездесуге шақырып алып, одан кейін оны Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласының шетіне алып шыққан. Ал Қасымбаев сол жақта күтіп алып, үшеуі Тәжиевке күш қолдану арқылы қорқытып, одан ақша талап ететін болып келіскен. Алдын ала ойластырылған қылмыстық жоспарларын жүзеге асыру үшін 16.08.2016 жылы сағат 13:00 шамасында Сыдықжанов өзінің танысы Тәжиевке ұялы телефон арқылы хабарласып, Алматыдағы базарға кездесуге шақырған. Сол күні түскі сағат 15:00 шамасында Тәжиев танысы Сыдықжановтың қылмыстық ойларын білместен, жалғыз өзі базардың қасына келіп, сол жерге Сыдықжанов мініп келген Toyota Land Cruiser Pradо маркілі автокөлігіне отырған, ал автокөлікте Сыдықжанов пен бұрын таныс емес Мұқашев болған. Осы уақытта Сыдықжанов Тәжиевке Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласына барып, "бір танысымен сөйлесіп қайту керек" деп айтқан. Тәжиев бұған келіскен", — деді ол.
Прокурордың мәліметінше, осы кезде оларды сыбайласы Қасымбаев күтіп алған. Қасымбаев Тәжиевтің әуелі көкірек тұсынан ұрып, тыныс алуын қиындатқан. Ал Мұқашев Тәжиевтің бүйрек және бауыр тұсынан бірнеше рет ұрған. Осы сәтте Қасымбаев, Сыдықжанов, Мұқашев танысы Тәжиевтің қорқып тұрғанына анық көзі жетіп, оның жекеменшік дәріханасы бар екенін айтып, оның дұрыс жұмыс істеуі үшін "ақша қойып бересің" деп талап еткен.
Осыдан кейін Қасымбаев, Сыдықжанов, Мұқашев және Тәжиев Талғар қаласы Қонаев көшесінде орналасқан кафенің VIP-кабинкасына кірген. Тәжиев өзінің өмірі мен денсаулығы үшін қорқып, қарсылық көрсетпей, олардың айтқанын істеп, бірге жүрген. Бұл кафеде Қасымбаев, Мұқашев екеуі Тәжиевтің аяғынан және көкірек тұсынан соққылар жасаған, салдарынан Тәжиевтің тыныс алуы нашарлап, есінен танып қалған. Әрі қарай олар жәбірленушіні есін жиғызып, талап еткен ақшаны әкеліп беретініне анық көзі жетіп, Тәжиевтен жалпы сомасы 1 млн теңге талап еткен.
Спортшыны ұрлау және ұрып-соғу
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, айыптау актісіне сәйкес, екінші жәбірленуші Арман Әлімовке қатысты эпизод бойынша, сотталушылар Қасымбаевқа, Қалымжановқа, Ахтановқа, Әлиевке, Асқаровқа және Сұлтанбековке келесідей айыптар тағылған:
"2020 жылы 5 сәуірде сағат 09:00 шамасында Алматы облысы Талғар ауданы тұрғындары Қартайғанов, Кенжеғали, Естеров, Шакупов, Үсенбаев, Орынтаев және тергеумен анықталмаған азаматтар алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіне қарасты Талғар саяжайы № 134 үйінің артында екінші жақтан келген Қалымжанов пен оның таныстарына атыс қаруын қолданып, бұзақылық жасап, салдарынан Қалымжанов жарақат алған. 2020 жылы Еңбекшіқазақ аудандық соты Қартайғанов пен оның жоғарыда аталған сыбайластары Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оларға қатысты үкім шыққан. Осы оқиғадан кейін біршама уақыт өткен соң Қасымбаев өзінің танысы Қалымжановты атып кеткен тұлғаларды Талғар тұрғыны Әлімов айдап салғанын және сонымен қоса "Хасан маған авторитет емес деп айтып жүр" деген ақпаратты бейтаныс адамдардан естіп, бұл сөзі үшін жауап беруі керек" деген оймен қылмыс жасауды ойластырған. Атап айтқанда, Қасымбаев адам ұрлау және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсатымен өзінің таныстары Қалымжановты, Ахтановты, Әлиевті, Асқаровты және Сұлтанбековты тартуды ойлап, олармен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құру ойымен және оларға Әлімовті Талғар қаласының ішінде жүрген жерінен ұстап алып, автокөлікке салып, ұрлап кетіп, Талғар қаласының шетіне шығарып, ұрып-соғуды және олардың орындалуына басшылық етуді ойластырған", — деді прокурор.
Қасымбаев, тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін өзінің таныстары Қалымжановқа, Ахтановқа, Әлиевке, Асқаровқа және Сұлтанбековке бұл қылмысты жасауды тапсырып, оның орындалуына тікелей басшылық ете бастаған.
2021 жылы 17 маусымда сағат 18:30 шамасында Қалымжанов, Ахтанов, Әлиев, Асқаров және Сұлтанбеков Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласы Рысқұлов көшесі, № 208 мекенжайында орналасқан дүкен маңында жәбірленуші Әлімовті кездестірген. Сотталушылар бұл уақытта медициналық бетперде таққан. Әрі қарай олар жәбірленушіні ұрып-соққан. Салдарынан Әлімов жерге отырып қалған. Сол сәтте Әлиев келіп, Әлімовтің мойын тұсының артқы жағынан қолмен қылқындырып, ұстап алған. Сол кезде Қалымжанов, Ахтанов және Асқаров үшеуі жәбірленушіні ұрып-соққан, салдарынан Әлімов есінен танып қалған. Осыдан кейін сотталушылардың бірі Әлиев жәбірленушінің есінен танып қалғанына қарамастан, оның мойын тұсының артқы жағынан ұстаған күйде көтеріп алып, автокөлікке салып алып кеткен.
Жәбірленуші көлікте есін жиған соң да ұрып-соғу жалғасқан.
Мұнан соң бәрі Талғар ауданы Кеңдала ауылы шетінде орналасқан ашық егістік алқабына алып келіп, Әлімовті сыртқа алып шығып, тағы ұрып-соққан.
Осыдан кейін Ахтанов телефон арқылы ұйымдастырушы Қасымбаевқа есеп беріп, әрі қарайғы нұсқауды сұраған. Ал Қасымбаев жәбірленуші Әлімовті қалай ұрып-соғып жатқанын видеоға түсіріп алуды тапсырып, оқиға орнына өзі жететінін айтқан. Бұдан соң Қасымбаев қылмыс орнына келіп, бәріне көз жеткізген соң бой тасалаған.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сот процесі барысында Хасан Қасымбаев өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді.
"Кінәмді толығымен мойындамаймын", — деп жауап берді Қасымбаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз