Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2024 жылғы 18 тамыздағы бұйрығымен оқушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Орта (бастауыш, негізгі орта) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесін, онда ОБЖМ өткізілетінін, жыл сайын уәкілетті орган "Білім туралы" Заңның 55-бабының 6-тармағына сәйкес айқындайды.
Білім беру ұйымдарын іріктеу мынадай параметрлер бойынша жүзеге асырылады:
- аумақтық тиесілігі (қала, ауыл);
- жалпы білім беру ұйымының түрі (жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназия, мектеп-гимназия, мектеп-лицей);
- меншік нысаны (мемлекеттік, жеке);
- оқыту тілі (қазақ/орыс);
- білім беру ұйымдарының қатысу пайызы (25%).
Жыл сайын осы ұйымдардың ішінен алдыңғы оқу жылында ОБЖМ-ге қатысқан ұйымдар алынып тасталады. Бұған дейін құжатта "алдыңғы оқу жылдары" деп көрсетілген болатын.
Білім беру ұйымдарын іріктеу оларды кездейсоқ таңдау үшін қалыптастырылған жұмыс тізімін бағдарламалық жасақтамаға жүктеу нәтижесінде жүзеге асырылады.
Шектеу шаралары енгізілген, төтенше жағдай жарияланған немесе әлеуметтік, табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар орын алған аумақта ОБЖМ өткізуден уәкілетті орган ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ шешімі немесе облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларының ұсынысы негізінде бас тартады.
ОБЖМ нәтижелері аяқталған күннен кейін үш ай ішінде білім беру ұйымдарына жеткізілу үшін білім басқармаларына жолданады және құқықтық салдарға әкелмейді.
ОБЖМ нәтижелері бойынша уәкілетті орган білім басқармаларына алты ай ішінде И. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген кешенді талдау мен әдістемелік ұсынымдарды жолдайды.
Білім басқармалары әдістемелік ұсынымдарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді және оны келесі есептік жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарынан кешіктірмей Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттеріне жолдайды.
Жаңа нормаға сәйкес, аумақтық департаменттер білім басқармаларының Іс-шаралар жоспарын орындауын бақылайды және есептік жылдан кейінгі жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірмей уәкілетті органға ақпарат береді.
Сондай-ақ, тыйым салынған заттарды анықтау және тест тапсырушыны аудиториядан шығару актісінің, сондай-ақ тестілеу басталғанда немесе өткізу кезінде бөгде тұлғаны анықтау актісінің нысандары жаңартылды.
Бұйрық 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.