Ұлытау облысында полиция қызметкерлері екі күнге созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде далада адасып кеткен екі азаматты аман-есен тапты. Бұл туралы Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақпараттық медиа порталдың жазуынша, 19 тамызда Ұлытау аудандық полиция бөліміне екі азаматтың көліктері сынып, байланыссыз қалғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Туыстары көмек сұраған соң бірден жедел іздестіру іс-шаралары басталған.

Іздестіру тобына жергілікті жер жағдайын жақсы білетін тәжірибелі қызметкерлер тартылған.

Олардың қатарында полиция капитаны Нұрсұлтан Байболовтың басшылығымен майор Темірлан Үмбет, капитан Нұрбол Ақбергенов, аға лейтенант Серік Медет және сержанттар Барысхан Қылыбекұлы мен Айдын Сейтжаппар болған.

Екі күн бойы жүргізілген іздестіру нәтижесінде жоғалған азаматтар дін аман табылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Қазір олар туыстарымен бірге.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз