Француз тарапының бастамасымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эмманюэль Макронмен телефон арқылы сөйлесті.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кейін Эммануэль Макрон әлеуметтік желіде (X парақшасында) қазақ тілінде жазба жариялады.

Онда ол Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған әңгімесінің егжей-тегжейін хабарлады:

«Мен жаңа ғана Қазақстан Президенті @TokayevKZ мырзамен әңгімелестім. Біз стратегиялық әріптестігімізді нығайту мәселесін, әсіресе көлік және энергетика саласында, 2023 жылғы қарашада Қазақстанға жасаған сапарымның және өткен қарашада Президент Тоқаевтың Францияға жасаған мемлекеттік сапарының жалғасы ретінде талқыладық. Сондай-ақ біз халықаралық жағдайды да қарастырдық: Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысын және Оңтүстік Кавказдағы жүріп жатқан келіссөздерді», деп жазды.

Бұған дейін, мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуі барысында олар екіжақты қатынастардың оң серпінін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ, БҰҰ-ның 80 жылдығы қарсаңында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.