Қарағанды облысының Пришахтинск ауданында бүгін, 2025 жылғы 24 тамызда, үш көліктің қатысуымен жол апаты болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Соның салдарынан бір көлік екінші көліктің капотына шығып кетіп, екі жақтан қысылып қалған.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Зелинский көшесінде болған. Оған Nissan, BMW және Volkswagen маркалы үш көлік қатысқан.

"Апат салдарынан Nissan көлігінің 33 жастағы жүргізушісі мен оның жолаушысы, сондай-ақ Volkswagen-нің 51 жастағы жолаушысы жарақат алды. Үшеуі де медициналық мекемеге жеткізілді", — деп хабарлады полиция.

Оқиға бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.

Айта кетейік, 23 тамызда Жаңаөзенде де үш көліктің қатысуымен жол апаты болды. Lexus пен Toyota Hilux жол айырығында соқтығысып, соққыдан Toyota бірнеше рет аударылып, "ПАЗ" автобусының алдына соғылған.