Ғалымдар аталған елдің осы ғасырда адамның өмір сүруі үшін жарамсыз болып қалуы мүмкін екенін айтады.
АҚШ-тың аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқармасы – NASA мен климатологтар дабыл қағып жатыр.
Олардың болжамынша, ағымдағы ғасырда-ақ адамның тіршілігі үшін жарамдылығынан айрылып қалуы ықтимал елдердің арасында Бразилия көш бастайды. Бұған әлемде орнап, жыл сайын күшейген климаттық кризис пен экстремалды жылыну ықпал етуде.
ECONews мамандандырылған басылымы осыған орай: "НАСА бұл елмен қоштаса бастады: ол осы жүзжылдықта "жалындаған тозаққа" айналып кетеді" деген үрейлі тақырыппен шықты.
Ғалымдар бұл қорқынышты болжамында зерттеу қорытындыларын негізге алды. Ол тропикалық өңірге ауа температурасының апаттық қарқынмен өсу қаупі төнгенін көрсеткен.
Бұдан бұрын, 2020 жылы Science Advances журналында жарияланған басқа зерттеу барысында ғалымдар 1979 және 2017 жылдарда болған экстремалды ыстықты талдаған еді. Сонда зерттеушілер мұндай құбылыстардың қырық жылда үш есе жиілегенін әшкереледі.
Ал, мамандардың айтуынша, ауа райының жоғарғы ылғалдылығына 35 градустан артық ысыған ауа температурасы қосылса, онда адам ағзасы көп терлеу арқылы да салқындана алмайды. Бұл адамның өміріне қатер төндіреді.
Бұрын Бразилия аса қауіпті аймақтар тізіміне кірмеді. Алайда енді NASA оны ажалға соқтырар шыжыған ыстық қаупі зор елдердің бірі ретінде атады. Бұл деректі климатологтар да растайды.
"Бұл жерде әңгіме тек Бразилия туралы ғана болып отырған жоқ. Тропиктердің орасан бөлігі, тіпті орта ендіктер де адамның тұруы үшін жарамсыз болып қалуы мүмкін. Егер жаһандық температура 4°C көтерілсе, сондай қауіп шындыққа айналары даусыз", – дейді бразилиялық климатолог Карлос Нобре.
The Nature Conservancy ұйымының мәліметінше, бұл ахуал 30–50 жыл ішінде туындауы мүмкін. Бұдан бұрын мұндай тәуекелдің жүзеге асуы 100–200 жылдан кейін күтілетін. Осыдан-ақ жер-жаһанға төнген қауіп-қатер жылдам жақындап келе жатқаны байқалады.
Ғалымдар әсіресе, Амазонияның болашағына ерекше алаңдайды. NASA болжамынша, шамамен 2041–2044 жылдары жаһандық температура қазіргіден тағы 2°C артады. Салдарынан, Бразилияның тропикалық ормандарына сұрапыл соққы жасалуы мүмкін.
Ықтимал салдарлары:
- Ғаламшардың біраз өңірін, әсіресе, тропиктерді қуаңшылық басады, өрттер және қуатты дауылдар көбейеді,
- Ауаның ылғалдылығы төмендейді, жауын-шашын сирейді,
- Құрғақшылыққа төзімсіз өсімдік пен жануарлар түрлері қырылады,
- Ормандардың біразы селдір саваннаға айналады,
- Ауаға тек осы бір ғана аймақтан CO₂-ның бірден 250 миллиард тоннасы лақтырылады (салыстырсақ, бұл Париж келісімі аясында барлық елдерге берілген көміртек квотасының 75%-ына барабар!).
Ендеше "Бразилиядағы апаттың Қазақстанға қатысы жоқ" деп бейғам отыруға болмайды. Территориясының 70 пайызға дейінгісін шөл және шөлейтті дала құрайтын Қазақстанда да қуаңшылық күрт артады.
Ғалымдар тек табиғат пен ауылдар қана емес, қалалар да қуатты қатерге тап болатынын ескертті. Сөз болып отырған өңірде Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Сальвадор сияқты урбанизацияланған мегаполистер қазірдің өзінде "ыстық арал" аталатын эффектіден зардап шегуде.
"Ыстық арал" құбылысы кез келген, соның ішінде қазақстандық қалаларға да тән: үйлер, басқа ғимараттар мен жолдар құрылысында бетон, асфальт, алып шынылардың жаппай пайдаланылуы және жасыл желектердің жеткіліксіздігі салдарынан қалалардағы ауа температурасы даладағыдан 5°C жоғары болады.
Қалада кондиционері жоқ үйлерде жайлы өмір сүру мүмкін болмай қалады. Алайда "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясаты аясында шенеуніктер монополистерге электр қуаты мен су тарифін жыл сайын бірнеше рет көтеруге рұқсат еткендіктен, кондиционерді үнемі пайдалану және жиі суға түсу коммуналдық ақыны шығандатып, қалтасы қалың емес адамдарға қалада тұруды қолжетімсіз етеді.
NASA-ның болжамдары үрейлілігі жөнінен бірінен бірі өтеді. Енді 45 жылдан кейін, 2070 жылға қарай Жер планетасының елеулі бөлігі Бразилия сияқты адамның тіршілігі үшін жарамсыз болып қалуы мүмкін. Әлемдік экожүйелер қазірден күйреуде, теңіздерден тіршілік иелері, өсімдіктер, тіпті балықтар тез жойылуда. Шетелге саяхаттайтын қазақстандықтар бүгінде жазда теңіздер қайнаған сүттей ысып кететінін аңғара бастады.
Сондықтан ғалымдардың байламынша, жер қызуының көтерілуіне серпін беріп отырған факторлардан арылуға, көміртек шығарындыларын салмақты қысқартуға бағытталған шараларсыз адамзатты тек климаттық зұлмат апат күтіп тұр.
Context хабарлауынша, Бразилия биыл үшінші жыл қатарынан, қайталай соққан рекордтық қуаңшылықтан және күш алған орман өрттерінен зардап шегуде.
Табадай шыжғырған аптап ыстық елдің біраз аймағында, әсіресе, Амазония мен Пантаналда экожүйелердің күйреп, қурауын арттырды. Бразилияның Су ресурстары ұлттық агенттігінің дерегінше, қазіргі кезде басталған әдеттегі жаңбыр маусымына қарамастан елдің үлкен бөлігі жауын-шашын тапшылығына душар болды.
Бразилияның Орман кесуді бақылау жөніндегі ұлттық хатшысы Андре Лима ел билігі жоғары дайындық жағдайына келтірілгенін мәлімдеді. Өйткені 2024 жылғы құрғақшылық өрттердің өте үлкен алаңды жайлауына соқтырды.
MapBiomas Brasil консорциумының мәліметінше, "тілсіз жаудан" зиян шеккен территориялар саны бір жыл ішінде 79%-ға ұлғайып шыға келді. Салдарынан, жалын тілі шалған өңірлердің жалпы аумағы 31 миллион гектарға жеткен.
Онымен күреске Бразилияның күші жетер емес. Ел Үкіметі өрт сөндірушілердің санын 25%-ға арттыруды жоспарлап отыр, бірақ соның өзінде өртпен күресушілердің жалпы саны 4 608 адамды ғана құрайды.
Табиғи апаттарды мониторингтеу және алдын алу жөніндегі ұлттық орталықтың (CEMADEN) маманы Лиана Андерсонның ақпаратынша, жауын-шашынның қазіргі деңгейі Амазонияның экожүйелерін қалпына келтіру үшін жеткіліксіз болып қалды. Сондай-ақ заманауи климаттық моделдер 2025 жылғы қаңтардан бері бақыланып отырған аномалды жоғары температураның себебін түсіндіре алмапты.
Әлемдегі ең бір ірі тропикалық сулы-батпақты алқап – Пантаналдың өзі кеуіп қалған. Бұдан зәресі үшқан бразилиялық штаттардың басшылары фермерлерді "жасанды өртеуді" жүргізуге шақырды.
Оның барысында белгілі бір елді мекеннің ересек жұртшылығы, тайлы-таяғы қалмай, айналадағы қурап қалған шөпке өрт қойып, оның жануын және бағытын баршасы бақылауға алады.
Бұрын мұндай процесті жүргізу үшін көптеген меммекеменің рұқсаты мен келісімін алып, бюрократиялық сергелдеңге түсуге және қомақты баж алымын төлеуге тура келетін. Енді ел бойынша профилактикалық жағу санын күрт көбейту үшін бұл іс күрт жеңілдетілген.
Таяуда қайта сақтандырумен және стратегиялық консультациялаумен айналысатын Howden Re компаниясы MeteoIA-мен ынтымақтастықта арнайы климаттық есеп жариялады. Онда климаттың өзгеруінің әлемге және Бразилияға ықпалы талданған.
Есепте мысалы, ішкітропикалық конвергенция аймағының (ITCZ) тосыннан оңтүстікке қарай ығысып кеткені, Бразилияның орталық және оңтүстік өңірлері қатты қуаңшылыққа тап болып, отқа оранып, жылу стрессін бастан өткеріп жатқаны айтылады.
Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, басқа мегаполистерде биылғы ақпанда рекордтық жоғары температура орнап, аптап ыстық 52°C жетті. Жаңбыр маусымы аяқталған соң, кезекті рекордтар болуы ғажап емес.
Құжатта зерттеушілер мұндай көрініс бүкіл әлемде тіркеліп жатқанына назар аудартылады. Мысалы, ауа температурасының 13,23°C-қа дейін күрт қызуы кесірінен Арктика мен Антарктикадағы мұздың қалыңдығы тарихтағы рекордтық деңгейге дейін жұқарған.
Климаттық өзгерістер және оның салдарларымен күрес мәселелері талқыланатын жаһандық COP30 құрылтайы биыл Бразилияда өтеді. Онда әлем елдері ортақ келісімге келіп, адамзатты және ғаламшарды құтқарудың жаңа шешімдерін таба ала ма, белгісіз.