Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында көлік қаққан екі бала қазіргі уақытта елордадағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.
Бұл туралы басылымға Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеген.
"Абай облысынан Көпсалалы қалалық №2 балалар ауруханасына жеткізілген балалардың жағдайы бақылауда. Балалардың жағдайы тұрақты, травматология бөлімшесінде. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, отаға дайындық жасалып жатыр", — деп жауап берді аурухананың баспасөз қызметі редакция сауалына.
Еске сала кетейік, 19 тамызда Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді. Сондай-ақ облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын айтты.
Қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барғаны белгілі болды. Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Үржарда үш баланың қазасына себеп болған жол апаты тергеліп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз