Зардап шеккен тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Instagram желісіндегі парақшасында 16 жасында қаза тапқан Шерзат Болаттың отбасына жаңа баспана берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазір Шерзат Болаттың отбасына демеушінің қолдауымен және әкімдіктің қадағалауымен жаңа үй салынып жатыр. Үй қазан айына дейін дайын болады деп жоспарланып отыр.
"Қаржаубайдың отбасында енді тек қуаныш болсын! Асқар есімді азамат Қаржаубайдың үйін салысып жатқанын жариялағысы келмеген. Міне батыр. Деседе халық өз батырын білу керек. Асқар бауырым Алла деніңіз саулық берсін.
Ал Алматы облысы әкімдігі осы құрылысты барынша қадағалап, құжаттарын рәсімдеп, аяғына дейін жеткізіп беруге уәде берді.
Мен үшін уәде — Қазақстан Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес міндеттеме, ал міндеттемеден біржақты бас тартуға жол берілмейді. Ол — соттағы жауапкершілік", — деді Мейірман Шекеев.
Ол үйге әлі де көп нәрсе алу керектігін айтты.
"Негізі үйге әлі де керек-жарақ заттар көп. Газ пеші, перделер, тағысын тағы. Қол ұшын беремін дегендерден бас тартпаймын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл", — деп қосты адвокат.
Еске сала кетейік, Шерзат Болаттың үйі өткен жылдың 12 қазанында өртеніп кеткен еді. Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғаған болатын.
Кейін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысының әкімі неліктен марқұм Шерзат Болаттың отбасына өртенген үйдің орнына жаңа үй берілмегенін түсіндірген еді.
Шерзат Болат ісі
2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Биыл 5 маусымда Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды.
Сотталушылар:
— Абзал Шынасыл 23 жылға;
— Равиль Сакиев 20 жылға;
— Азамат Тоқтаубаев 15 жылға;
— Нұрқияс Ілиясов 9 жылға;
— Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — әрқайсысы 7 жылға;
— Д.Ы. 1 жыл 6 айға сотталды.
Кәмелетке толмаған Д.Ы. шілде айында жазасын өтеуіне байланысты қамаудан босатылды.
Қалған 8 сотталушы сот үкімімен келіспей апелляциялық шағым түсірген еді.
Шерзат Болаттың қазасы
- Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жіберілді
- Адвокат Шерзат Болаттың ағасының өліміне қатысты іс тоқтатылғанын хабарлады
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз