Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова 2025–2026 жылдардағы жаңа эпидемиологиялық маусымға дайындық туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қаулыға сәйкес 2025–2026 жылдардағы ЖРВИ, тұмау және COVID-19 аурулары бойынша эпидемиологиялық маусым кезеңінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар көзделген, соның ішінде:
- 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу;
- медициналық ұйымдарда кіреберісте "фильтрлерді" ұйымдастыру, маска тағу, антисептиктердің болуы;
- ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балалардың үйге шақырулары бойынша басымдықпен қызмет көрсету;
- мектепке дейінгі ұйымдарда күнделікті таңертеңгілік "фильтр" өткізу, ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар балаларды уақытша шеттету;
- орта білім беру ұйымдарында:
– бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптағы оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырған жағдайда – кабинет жүйесі тоқтатылады және он күнтізбелік күн бойы жаңа балаларды сыныпқа қабылдауға тыйым салынады;
– бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныптағы оқушылардың 30% және одан көп бөлігі ауырған жағдайда – оқушыларды онлайн-оқытуға көшіру жүзеге асырылады.
Сонымен қатар қаулыда көзделгендер:
- эпидемиялық өршу кезінде тұмау, ЖРВИ және COVID-19 науқастарына арналған қосымша инфекциялық төсектерді ашу жоспарын бекіту, ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды сұрыптау қағидатын сақтау;
- медициналық қызметкерлерді тұмау, ЖРВИ, COVID-19, қауымнан тыс пневмониялар кезінде көмек көрсету, инфекциялық қауіпсіздік режимін сақтау және басқа инфекцияларды ажырату диагностикасы бойынша даярлау;
- вакцинация жүргізетін медицина қызметкерлерін профилактикалық екпе салу мәселелері бойынша оқыту;
- медициналық ұйымдарда температуралық режимді сақтау;
- дезинфекциялық режимді күшейту;
- тұмау, ЖРВИ және COVID-19 бойынша рутинді эпидемиологиялық қадағалау, тұмауға ұқсас аурулар (ТҰА) мен ауыр жіті респираторлық инфекциялар (АЖРИ) бойынша дозорлық қадағалау жүргізу;
- әр бейсенбіде (бейсенбі–сәрсенбі кезеңі бойынша) ЖРВИ, тұмау, COVID-19, пневмониялар бойынша сырқаттанушылық, өлім-жітім, стационарлық және амбулаторлық ем қабылдаушылар жайлы жасы бойынша бөлінген мәліметті ҚР ДСМ "Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы" РМК жанындағы Жедел орталыққа жолдау;
- клиникалық хаттамаға сәйкес халықтың осал топтары арасында ЖРВИ профилактикасын жүргізу.
Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармаларына және барлық меншік түріндегі білім ұйымдарына тапсырылғаны:
- оқушылар мен қызметкерлердің күнделікті сабаққа қатысуын, келмеу себептерін бақылап, медициналық ұйымдарға хабарлау;
- білім беру ұйымдарында аурудың алдын алу үшін таңертеңгілік "фильтр" ұйымдастыру;
- таңертеңгілік "фильтрде" анықталған ЖРВИ, тұмау және COVID-19 белгілері бар балаларды оқудан уақытша шеттету;
- күндіз сырқат белгілері пайда болған балаларды ата-анасы келгенге дейін оқшаулау;
- білім беру ұйымдарында әр қабатта, әр сыныпта (аудитория, кабинет) қол антисептигі бар санитайзерлер орнату;
- оқушылармен жеке гигиена мен ЖРВИ, тұмау, COVID-19-дың алдын алу ережелеріне қатысты тақырыптық диктанттар өткізу.
Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментіне тапсырылғаны:
- үйге шақыруларды орындау жағдайларын қамтамасыз ету;
- төсек-орын қорының жеткіліктілігі мен жүктелуін мониторингтеу, эпидемиологиялық жағдай күрделенсе қосымша инфекциялық төсектерді ашу шараларын қабылдау;
- мобильді бригадалар құру мәселесін қарастыру.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.