Елордада полицейлер жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесемін деген сылтаумен азаматты алдаған ер адамды жауапқа тартты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қала полициясының ақпаратына сүйенсек, күдікті жәбірленушімен ортақ таныстары арқылы кездесіп, құжат рәсімдеу процесін жеделдетуге "таныстары көмектесетінін" айтып сендірген.

"Ер адам ауызша сыйақыға келісіп, жеке деректер мен алдын ала төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай кеткен",- делінген ақпаратта.

Аталған дерек бойынша полиция тарапынан алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Полиция жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға талпыныстардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Көлік жүргізу құқығын алу тек белгіленген тәртіппен – оқудан өтіп, емтихан тапсыру арқылы ғана мүмкін.

Бұған дейін елордада 25 талапкерді алдаған жалған делдал әшкереленгенін жазғанбыз.