Қарағандылық дәрігерлер 12 магнит моншағын жұтып қойған бір жарым жасар сәбиді аман алып қалды, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Іші қатты ауырып жатқанын жылап жеткізген бүлдіршінді ата-анасы дереу облыстық көпсалалы балалар ауруханасына әкеліпті.

Дәрігерлер оның асқазанынан жылан пішіндес 12 магнит моншақ барын анықтаған. Дәрігерлердің айтуынша, бір қарағанда жай ойыншық секілді көрінетін бұл магнит моншақтарды бала байқаусыз жұтып қойса, денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Бір жарым жасар науқастың ағзасына түскен бұл магниттер бір-біріне тартылып, тіндерді қысып, жыртқан. Балаға шұғыл ота жасаған дәрігерлер оның жағдайы қазір тұрақты дейді.

"Шұғыл ота жасалып, барлық магнит алынды. Қазір баланың жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Осы орайда ата-аналарға ескертіп, құлаққығыс қылып айта кеткім келеді: дүкендерден мұндай магнитті сатып алмаған жөн, себебі ол баланың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді", — дейді балалар хирургі Бейбіт Бердібеков.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз