ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық құндылықтарды қалыптастыру жөнінде атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрдің сөзінше, бизнес пен ірі кәсіпорындардың рөліне ерекше назар аударылуда – олар табиғатты аялау бастамаларын жүзеге асырудағы маңызды серіктестер ретінде қарастырылады.

"Еліміздегі көптеген компаниялар қазірдің өзінде "Таза Қазақстан" аясындағы іс-шараларға қатысып, тұрақты технологиялар енгізіп, өздерінің қатысатын өңірлерде экожобаларға қолдау көрсетуде". Ерлан Нысанбаев

Сондай-ақ, ол қалаларда қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын экобокстар мен фандоматтар қарқынды түрде енгізілуде екенін айтты. Оған пластик пен алюминий тапсырған азаматтар бонустармен көтермеленеді. Қазірдің өзінде жекеменшік бизнес иелері Астана, Алматы, Ақтөбе және Өскемен сияқты ірі қалаларда 100-ден астам фандомат орнатты.

"Бұдан басқа, тамыз айының соңына дейін пилоттық жоба аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек-бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс орнатылады", — деп атап өтті экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша бұл шаралар полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді және сонымен қатар өсіп келе жатқан ұрпақтың экологиялық санасын дамытуға көмектеседі.

Бұған дейін Үкіметте үш жылдық бюджет жобасы мақұлданғанын жазғанбыз.